пятница, 18 апреля 2014 г.

Анасының омырауын еміп өскен бала...

Дүниеге ең алғаш шыр етіп келгенде, ең алғашқы азығымыз ана сүті.  Ана сүтінің қасиетін біздің ата-бабаларымыз әу бастан жақсы білген. Сондықтан ананың сүті мол, әрі қою болу үшін бар жағдай жасалынатын. Ана сүтінде нәрестенің болашақта денсаулығы мықты болуына және интеллектуалды жетілуіне қажетті барлық дәрумендер бар. Таңқаларлық жайт, ана сүті нәресте ағзасы жетілуіне қарай құрамы өзгереді. Ол негізгі 3 қадамнан тұрады. Ас қорыту жүйесі дамымаған нәрестеге алғашқы күндері уыз беріледі. Босанған әйелде бұл қадам 4-5 тәулікке созылады. Келесі қадам, сүтке ауысар алдындағы кезеңде сәбиге қажетті су мөлшері көбейеді, бұл 14-15 тәулікке созылады. Соңғы қадамда сүт толыққанды жетіліп, құрамында қажетті май, көмірсу, дәрумендер және басқа да қажетті элементтер болады. 


Қазір технология дамыған заманда, ана сүтін алмастыратын түрлі «жасанды сүт» қоспаларын шығарған. Ана сүтінің құрамын 100 пайыз қайталап жасаса да, жасанды дүниенің аты жасанды. Екі бірдей ана сүті болмайды. Әр ана сүті нәрестесінің қажеттілігін қанағаттандырады. Бірақ жарнама заманында көптеген аналар «жасанды сүтке» ауысып кеткен. Өзім куә болған бірнеше себептер:

Сұлулықты сақтау: яғни, ұзақ емізгенде емшек формасы өзгереді деген сылтау.
Жұмыс бабы: жұмыс бабына байланысты аналар баланы 6 айында емшектен шығарып жұмысқа шығуы. Сәбидің иммунитеті қатаюы үшін, кем дегенде 1 жыл емізу керек. 
Білімнің жетіспеуінде: "Сүтім шықпады". Кей қыз-келіншектерде сүт кешігіп келеді. Олар болса сүтім жоқ деп шешіп, жасанды сүтке көшіп кетеді. Ал сүт келу үшін, сәбиді көп емізе беру керек.


Дүниеге қыз болып келгендіктен, біздің басты парызымыз ұрпақ жалғастыру. Осыған дейін, қазір, және әр қашан бізде басты орында жанұя, оның ішінде балаларымыздың денсаулығы мен тәрбиесі екенін қайталаудан жалықпаймын. Сұлулық үшін, не жұмыс, не басқа сылтау үшін сәбидің болашағына немқұрайлы қарауға болмайды. 

Сәбиге ана сүтінің қажеттілігі
Ана сүтін ембеген бала ауруға тез шалдыққыш, әлсіз болып келеді. Сондықтан бала өмірінде ана сүті маңызды орын алады. Ана сүтінде иммуноглобулин, лактоферин, лизоцим, стафилаккоқа қарсы бифидус – фактор, лимфоцит пен макрофактар және басқа да компоненттер бар. Бұл өз кезегінде аллергия, рахит, анемия, дисбактериоз, өкпе қабынуы, семіздік, брохиалды астма, ішек және әртүрлі инфекциялық ауруларға қарсы  баланың иммунитеті жоғары болуына алып келеді.
Басында сәби қажеттілігіне орай ана сүтінің құрамы өзгеретіні туралы айттық. Сонымен қатар ана сүті нәрестенің уақытынан бұрын келуіне байланысты да өзгереді. Мерзімінен бұрын туылған, жетілмеген ағза үшін құнарлы компоненттер қажет болғандықтан, ана сүтінде ақуыз, май, дәрумендер көп мөлшерде болады.  
Ему кезінде сәбидің ауыз, ерін бұлшық еттері және жақ сүйектері тез жетіледі. Қан айналымы жақсарып,  бүкіл ағзалары жұмыс істейді.  

Ана сүті құрамына да тоқтала кетейік
Су. Ана сүтінің 87% су құрайды. Бұл су, қарапайым суға қарағанда жеңіл сіңірілетін, биологиялық белсенді, таза болып келеді. Ағзадағы барлық зат алмасу процесіне қажетті суды сәби сүттен алады.  Сондықтан 6 айға дейін сәбиге қосымша су берудің қажеті жоқ.  


Көмірсулар. Энергияның басты көзі. Сүт құрамының шамамен 7% құрайды. Оның ішінде лактоза (сүт қанты), глактоза, фруктоза және көмірсуды сіңіруге арналған арнайы фермент – лактаза да бар. Лактоза бала дамуында кальций мен темірдің сіңуіне, орталық жүйке жүйесіне қажетті заттар түзілуіне қатысады. 

Майлар. Сүттің шамамен 4% құрайды. Бұл бір күндік энергия мөлшерінің 30 – 50% . Ана сүтінде майлар құрылысы оңтайлы қатынаста болғандықтан, жеңіл қорытылады. Май қышқылдары арқылы А, Д,Е,К дәрумендерінің сіңуі жақсарады. Майлар бала миының дамуына ықпал етеді. Сүт қоюлығына жауап беретін май, бір емізу барысында құрамы өзгеріп отыруы мүмкін. Көбіне сүт емізу соңына қарай қоюланады. Бұл өз кезегінде баланы тойдырады. Сәби өзі емшектен бас тартқанда ғана, емізуді доғару керек. 

Ақуыздар. Сүттің шамамен 1% құрайды. Жүйке жасушаларының өсіп дамуна белсенді қатысады. Бала өскен сайын ақуыз қажеттілігі төмендейді, сондықтан сүт құрамындағы ақуызда уақыт өте азаяды. Ақуыз қоректену процесіне қатысатын альфа-лактабульмин, қорыту процесіне қатысатын липаза мен лактазадан тұрады. Одан басқа, цистин, метионин және таурин атты аминқышқылдардан тұрады. Барлық ақуыздың  30 % баланың инфекцияларға қарсы тұратын қорғану механизмін құрауға жұмсалады
.
Дәрумендер және минералды компоненттер. Олар сүттің шамамен 1 % құрайды. Бұл 1%-дың құрамына баланың толық және дұрыс дамуына қажетті темір, кальций, фосфор, магний және т.б. маңызы зор компоненттер кіреді. Бала бұл компоненттерді жоғарғы дәрежеде толыққанды тек ана сүтінен қабылдайды.

Емізу – сәбимен байланыс орнатудың бір жолы
Емізу бала мен ана арасындағы биологиялық және эмоционалдық байланысты орнатады.
Қабатов айтқандай, анасының омырауын еміп өскен бала анасына жақын болады, бөтелкеден жасанды сүт еміп өскен бала бөтелкеге жақын болып өседі деп әзіл сықақ түрінде айтсада, бұл сөздің астарында көп мағына жатыр... 

Болашақта ана сүтіне байланысты басқа да мәліметтермен бөлісемін. 
 
p.s. Қыздарымыз ұрпақ жалғастыру, бала денсаулығы мен тәрбиесімен айналысу үшін,  ер азаматтарымыз отбасын барлық керектерімен қамтамасыз ету міндеттерін  мойындарына толық алса деген ұсынысым бар. Әйел заты өз міндеттерін бір-екі бала туумен шектемей, бұрынғы аналарымыз секілді, қазақ жеріне ие болып қалатындай көп ұрпақ қалдыруы тиіс деп ойлаймын. 
Қазағым көп болсын, аман болсын!
 

Комментариев нет:

Отправить комментарий