вторник, 8 апреля 2014 г.

Негатив көңілді жеңудің 7 жолы


«Жүйке қайта қалпына келмейді» демекші, біздің көңіл күйіміздің денсаулыққа деген әсері туралы ойланамыз ба? Әрине, ерте ма, кеш па біз ренжиміз, ашуланамыз, күйзелеміз, қырсығамыз немесе көңілсіз күйде боламыз. Бұл өз кезегінде бас ауруына, жүрек ауруына және ерте қартаюға алып келеді. Сондықтан көңілсіз күйге төтеп бере алайық. 




Негативті көңілді жеңудің 7 жолы:

1 Дұрыс дем және бос ойлар
Жаман күйге түскен кезде, біз бірінші кезекте одан арылғымыз келеді. Жаман ойды ойламауға тырысамыз. Нәтижесінде біз ол туралы көбірек ойлай бастаймыз. Керісінше еш нәрсе ойламауға тырысып, кем дегенде 3 рет терең дем алған дұрыс.  



2 Дене қалпы және қимылы
Көңілсіз күйде, біздің қабағымыз түйіліп, езуімізден күлкі кетіп, бүкірейіп тұрып аламыз. Ең қызығы, адамның көңіл күйі сырт дене қалпына әсер етсе, керісінше  сыртқы дене қалпы да көңіл күйге әсер етеді. Сондықтан, жаман ойдан арылу үшін, дене қалпын өзгерту керек. Көңіліңіз болмаған жағдайда, бірден арқаны тік ұстап, бұлшық еттерді босаңсытып, ең бомағанда жымиыңыз. Мүмкіндік болса, бір орында секіріп, не билеп жіберуіңізге де болады :) 

3  Шығармашылық белсенділік
Ғалымдар қазір не дәлелдемеген? Олардың зерттеуі бойынша, шығармашылық жұмыс көңіл күйдің көтерілуіне әсер етеді. Сурет салу, не ән шығару, барлығы-барлығы өз еркіңізде. Бұл өз кезегінде арт-терапия. Ойыңызды басқа салаға бұрып қана қоймай, көңіліңіздің көтерілуіне кепіл болады. 

4 Қайырымдылық
Егер көңілсіз күйден шыға алмай, өзіңізге көмектесе алмасаңыз, басқа адамға көмек көрсетіп көріңіз. Жасаған қайырымды ісіңіз кіші, не үлкен болсын, сіз, өзіңізге қанағаттанып, көңіліңіз көтеріліп қалады.

5 Жақын адамдармен бөлісу
Негізінен өз басым, өз мәселеммен басқа адамдардың мазасын алғым келмейді. Әр адамның өзінің шешу керек қоржыны бар. Дегенмен, тұрмыс құрғалы кейде уайымдап, не күйзелген жағдайда, Олжас (күйеуім) себебін білмегенше тоқтамайды. Кейін уайымыңмен бөліскен соң, ол мәселенің түкке тұрмайтынын не шешу жолы бар екенін аңғаруға болады. 

6 Жақсы әуен
«Музыкасыз өмір қателік болушы еді» (Без музыки жизнь была бы ошибкой) деп Ницше айтпақшы, ғалымдар музыканың да көңіл күйге әсері бар екенін дәлелдеді. Сондықтан, бар мәселені ұмытып, демалғыңыз келсе, ұнайтын әуен қосып, одан ләззат алыңыз. Бұл әдістің жағымды әсер қалдыратынына өзім кепілмін. 

7 Себебін тауып, жеңу
Ең басты әрі шешуші әдіс. Кез келген күйдің өзінің себебі болады. Сондықтан оны тауып, мәселені шешу жолдарына көшу керек. Көңіліңіз жиі түсетін болса, күнделік ой түзбектен өткізіп, себебін табыңыз. Бірақ өміріңізді көңілсіздікпен күресуге айналдырып жібермеңіз. 

Сіз көңіл күйіңізді қалай көтересіз?

Комментариев нет:

Отправить комментарий