Наурыз көктемнің
бірінші айы. Қыстың суығы кетіп, қар еріп, оянудың, жаңарудың, жылулықтың белгісі.
«Наурыз» парсы тілінен аударғанда «нау»-жаңа, «рыз»-күн деген мағынаны
білдіреді. Сондықтан наурыз тек жыл басы емес, жаңа күннің басы болып есептеледі.
Бұл мерекеде реніш, өкініштің барлығы кешіріліп, жақын адамдар кездесіп,
бір-біріне қонаққа барып, тілек білдіріп, дастарханның басында жиналып, барлығы мәз-мейрам болады. Ал дастарханның
басты тамағы – наурыз көже.
Біздің жанұяда да
бұл мейрам аса құрметке ие. Наурыздың сәні – наурыз көже демекші, көже арнап
асатын етті, қыс сүрлеп дайындап қоямыз. Әрине, әр қыз, келіншек, әйел,
апамыздың өзінің ас дайындау жолы бар. Бүгін мен өзімнің көже дайындау
нұсқаммен бөліспекшімін.
Дәстүр бойынша,
наурыз көже жеті қоспадан тұру керек: су, ет, тұз, ұн, май, дақыл түрі, сүт (немесе
айран, қатық). Бірақ бұл ереже қатып қалғаны жоқ, көбіне жетіден асырып, 13-14
түрлі тағам қосып та істей береді.
Мен наурыз көжеге
көкөністің орнына дақылдарды көбірек қосайын деп шештім.
Наурыз көжеге қажетті
тағамдар:
- Сүрленген ет, ет (сиыр еті, жылқы еті) – 1-1,5 кг
- Қамыр (кеспе) – 50 гр немесе 2 уыс
- Сары май – 1 кішкентай қасық
- Арпа – 100 гр
- Тары – 100 гр
- Жүгері – 100 гр
- Айран – ½ стакан
- Қаймақ – 1,5 үлкен қасық
- Құрт – 4-5 тал
- Тұз – дәміне қарай
- Су – 4 литр
Алдымен етті
жуып, сиымдылығы үлкен кастрөлге саламыз. Етті толығымен жабатындай су құйып,
отқа қоямыз. Ет бір қайнаған соң көбігін алып, отын азайтамыз. Қажетінше тұз
саламыз. Ет кем дегенде 2 сағат қайнау керек.
Ет қайнап жатқан
уақытта, қажетті дақылдардың әр қайсысын бөлек қайнатып аламыз. Қайнату уақыты дақыл
түріне және фирманың түріне байланысты әр түрлі болады. Мен пакеттерде бөлек
салынып дайын тұрған түрлерін қолдандым. Сонда арпаны қайнату үшін 30-40 минут,
тарыны қайнату үшін 20 минут, жүгеріні қайнату үшін 15 минут кетті. Әр дақылды
қайнатқанда, тұз қосып тұруды ұмытпаңыз. Мен күріш қоспадым. Себебі уақыт өте күріш
көбіне езіліп, сорпа түрін бұзады.
Негізінен қамырды
қолдан илеген дұрыс. Сонда қамыр езілмей, көже дәмдірек шығады. Дегенмен
асығыстық жағдайда дүкендерде кеспенің түр-түрін дайын тұр. Қорап сыртында қанша
минут қайнату керек екені де жазылып тұруы тиіс. Кеспені қайнатып болған соң,
жабыспау үшін, мен жарты не бір кішкентай қасық сары май қосып, араластырамын.
Ет қайнап, дайын
болған соң ыдыстан шығарып, кішкене суыған соң тураймыз.
Ал қайнап тұрған
сорпаға алдымен арпаны, кейін туралған ет, тары, жүгері соңынан кеспені салып,
бір қайнатамыз.
Бұл уақытта айранға құртты ұсақтап бөліп, жұмсартуға саламыз.
Отты өшіріп, ыдысымызға қалған қаймақ, құрты бар айранды қосып, барлығын бір
араластырып, қақпағын жауып 4-5 минутқа қалдырамыз. Наурыз көже дайын!!!
Астарыңыз дәмді
болсын!
Комментариев нет:
Отправить комментарий