Кіші кезімнен бастап қолөнерге
қатты қызығамын. Мектеп кезінде еңбек сабағында, «жас натуралисттер» тобында
қалдықтан керемет дүниелер жасайтынбыз. Сонау оқушы кезінде ұмыт болған
сезімімді, астанадағы әпкем Асыл, қайта оятты. Үйінде орындықтардың тысы,
кейбір киімдер, кішкене көрпешелер барлығы тоқылған. Енді тоқылған қорапты
көргенде, қораптың қағаздан жасалғанына көзім сенбеді. Қорапты жұмсақ, суға
төтеп бере алмайтын нәзік қағаздан жасау мүмкін емес секілді көрінді. Сосын
әпкемнің бір-екі сабағынан кейін менде қорап тоқуға құштарлығым күннен күнге
тек қана өсті. Бүгінгі мақаламда, мен сіздерге қорап тоқуды ең басынан
үйретемін. Алдымен бізге қағаздан жасалған түтіктер қажет.
Менің алғашқы жұмыстарым |
Бізге қажет материалдар:
бамбук таяқшалары немесе тоқу бізі, желім, сызғыш немесе қайшы және қағаз.
Негізінен түтіктерді тек
қағаздан емес газеттерден, ескі журналдардан да істеуге болады. Олжастың және
менің жұмысымнан екі жағынан да қолданылған, қажет емес А4 форматындағы
қағаздар көп артылатындықтан, мен соларды қолданамын. Оның артықшылығы,
түтіктер ақ түсті болады. Осындай түтікшелерден жасалған қорап та ақ түсті. Егер
басқа түске бояғыңыз келсе де, бояу
көлемі аз кетеді.
Қағаздарды ені жағынан тең
етіп екі бүктеймін. Ал қағазды екіге бөлу үшін мен суретте көрсетілгендей
сызғыш қолданамын. Сіздер өз қалауыңызға қарай қайшы не пышақ қолдансаңыз
болады. Дегенмен, сызғышпен қауіпсіз әрі ыңғайлы.
Келесі қадамда біз жарты
қағазды бөлінген жағын өзімізге қаратып, суретте көрсетілгендей 40-50 градус бұрышта
таяғымызды орналастырамыз.
Кеңес: таяқша қағазға
қарағанда бұрыш тұрақты болу керек. Әйтпесе түтігіңіздің қалыңдығы әр түрлі
болады.
Егер бұрыш шамадан тыс сүйір
болса, түтігіңіз жіңішке әрі таяқшаны алу қиынға соғады.
Егер керісінше бұрыш
доғалдау болса, түтігіңіз жуан әрі ұзындығы кішкентай болады.
Егер сіз суреттегідей бамбук
таяқшасын қолдансаңыз, өткір бұрышын төмен орналастырған жөн. Өйткені таяқ
түтіктен шықпаған жағдайда, басқа таяқпен жоғарыдан итеріп шығарған ыңғайлы.
Енді қағаздың төменгі сол
жағынан бастап таяғымызға орай бастаймыз. Соңына қарай қағаздың ұшына желім
жағып, ары қарай орап, ұшын кішкене ұстаймыз.
Түтік ортасынан таяқты
суырып аламыз. Сіздің қорап тоқуға арналған түтігіңіз дайын.
Бамбук таяғымен және тоқу бізімен дайындалған түтіктерді салыстырғанда түтіктердің жуандығы әр түрлі екенін көреміз.
Менмен бірге болғандарыңызға
рахмет!
Комментариев нет:
Отправить комментарий