Қазіргі кезде техналогиялар
тез дамып, бір кішкентай планшеттің өзіне жүздеген, керек болса мыңдаған
кітапты жүктеп алып оқи беруге болады. Барлығы да оңай, жеңіл, ыңғайлы. Өзімде
планшетке біршама, оқимын-ау деген кітаптарды жүктеп, кейде іс-шаралармен сыртта күту процесі
басталғанда ашып оқимын. Барлық жағдай қарастырылған, бетті сақтайсың ба,
ұнаған абзацты көшіріп, әлеуметтік желімен бөлісесің ба, барлығы-барлығы бар.
Бірақ, мен кітаптың өзін жақсы
көремін, бала кезімдегідей, қолыңа кітапты алып, әр оқыған бетті беттей берген
сайын, «иа, соңына жетіп қалдым, қазір-қазір бітіруге аз қалды» - дегенде,
ішіңе бақытты сезім ұялайды. Жаңа кітаптың иісі ше? Керемет!
Жаңа кітап ала бергің келеді,
дегенмен кітап құны арзан емес. Оған қоса, барлық кітаптар, адам секілді
мазмұнымен ерекшеленеді, біреуі ұнар, екіншісін аяғына дейін оқығың келмейді,
енді басқасына ес-түссіз ғашық боласың.
Бұл мәселенің де, шешімі бар.
Кітапхана!!! Жаңа қалаға көшіп, үйге орнығып болған соң, мен маңайдағы №5
көпшілік кітапханаға жазылдым. Тек кітапханада емес, кітапты үйге алып та оқуға
болады. 1 ай мерзімге береді, уақытты ұзарту мүмкіндігі бар. Шындығына
келгенде, кітапты оқушы болғанда жиі оқып, универге келгенде ұмыт қалып еді.
Қазір бұрынғы әдетті жандардырдым. Басында қай әдебиеттен бастарымды білмей,
естуім бар немесе мұқабасы ұнаған кітаптарды тізіп, кітапханаға қайтару
кепілдігі мақсатында кітап құнын қалдырып, үйге алып келдім. Кітаптар ішінде,
қазақ тіліндегі Оралхан Бөкейдің «Кербұғы» атты кітап бар. Бүгін, осы кітапқа
байланысты пікіріммен бөліскім келіп отыр.
Кітап мұқабасы |
Автор туралы қысқаша мәлімет.
ОРАЛХАН Бөкей(1943-1993) – жазушы-драматург,
журналист, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан
Республикасы Жастар сыйлығының лауреаты, Н.Островский атындағы Бүкіл Одақтық
әдеби сыйлығының лауреаты.
«Қамшыгер», «Үркер»,
«Қайдасың, қасқа құлыным», «Мұзтау», «Кербұғы» т.б. кітаптары және театрларда
қойылған «Құлыным менің», «Текетірес», «Қар қызы» т.б. драмалардың авторы.
Біріншіден, кітап қазақ тілі
бай тіл екеніне дәлел. Табиғатты, адам іс-әрекеттерін көз алдыңа елестететіндей
сипаттап жазу, синоним сөздер тек таңқалдырады. Екіншіден, біздің
ата-бабаларымыздың сондай ақылды, сабырлы екенін және бізге елін, мәдениетін
сақтап жеткізу үшін қандай қиындықтардан өткенін еске салады. Бұл Отанды сүйуге
шақыратыны сөзсіз.
Кітап мазмұнына келсек, кітап
әңгімелер, ауыл хикаялары және «Қайдасың, қасқа құлыным» атты повестьтен
тұрады. Әр әңгімені мазмұндап, баяндап беруден пайда жоқ. Оны қаласаңыз, өзіңіз
оқығанда танысасыз. Мен, оқу барысында мені ойға бөлеп, толғандырған сәттерді
айтып беремін.
Бір қателігім, кітаптың
ортасына жеткенде, ұнаған сөйлемнің бетін дәптеріме жазып бастадым. Басынан
бастауым керек ед. Дегенмен, бар есімде
қалған сәттерді жазамын.
«Ардақ» атты әңгімеде, қазаққа
өзінен кейін ұрпақ қалдыру, әкеге жұртты жалғастыратын ұл баланың тууы, қызының
ұзатылуы өте маңызды екені туралы айтылған. Оған қоса, өзімше бір түйіндегенім,
болашақта жамандыққа ұрынбауы үшін, бала
тәрбиесінде басында ескертетін дүниені ескертіп, білуге қажетті дүниені үйрету
өте қажетті.
«Айпара ана» атты әңгіме, мені
бірнеше дүркін қатты таңқалдырды. Әңгімеде, қазақтың бірнеше қауымдасқан отбасының
құрметті қариясы, өте ақылды, Олжас ақсақалдың жары Айпара ана туралы. Барлығы
іс бастамас бұрын Айпара анамен ақылдасып, пікірін сұрайтын. Сонда күндердің-күнінде ауыл сымақ елге жоңғарлар
шауып, жоңғарлар қолында Айпара ананың ұлының жары және жаңа туған егіз
балалары қалып қалады. Ұлы жанұясын құтқару барысында, жоңғарлар қолында қаза
болады. Сонда ел, қоныстанған жерінен орын ауыстырады. Олжас қария жауда қалған
ұлының әйелі мен балалары үшін уайым кешкенде, Айпара ана:
«-Әйелін қойшы. «Қандай мықты
деген әйел күйеуін бір-ақ жұма жоқтайды» деп, өзіңіз айтып отыратұғынсыз. Екі
бала – екі тамшы қан. Жау қолында қалғаны сол қанның бұзылғаны да» - деп жауап
береді.
Мені таң қалдырғаны,
қаншалықты немереге деген махаббат үлкен болса да, жауда қалғандықтан, олар
солардың қолында өсіп, сол елге сіңетіндіктен қаны басқа деп, қазаққа санап
отырған жоқ. Одан кейінгі мәселе, үміті бар Айпара ана өзінің кіші ұлының жаудан
аман келуі қолынан келетініне сеніп,
ұлына келесі тапсырма береді:
«-Ал, балам, жортқанда жолың
болсын, жолдасың қыдыр болсын, екі баланы тірі алып қайта алмасаң өлтіріп кет»
- деді. Қатыгез шешім болғаныммен, менің ойымша, бұл ойға келуінің себебі,
балалардың жау қолында өсіп, болашақта өздері білмей, өз еліне қайта шабу қаупі
болды. Әңгіменің соңын айтып, сіздерді қызықтан айырмайын.
Келесі ойға бөлетін жайт, мына
сөйлем «Ата қазған жерошақты басқа жұрттың мәңгі сөнбес отына айырбастама». Тағы: «Біздің шешемізден гөрі Бекемді
әлдеқайда жанымыздай жақсы көретініміз талай жұртты таң қалдыратын. Бірақ
әкемді ғұмыр бойы сүйіп өтуді сол айналайын анамыздың өзі үйреткен еді» деген
ой менің жаныма өте жағымды. Шынымен үйдегі жайлылық, жанұя бақыты, балалар
тәрбиесі барлығы дерлік тікелей әйелге байланысты. Балалардың әкеге деген
қарым-қатынасы да тікелей ана тәрбиесінен.
Келесі жайт «Соғыссыз
бейбітшілік бар ма тәйірі, ... » деген сөйлем, бізге қарасыз ақ жоқ, жамансыз
жақсы жоқ демекші, біз жаманды да, жақсыны да тәжірибе деп жинақтап, болашақта
жақсыға ұмтылу керек екенін еске салады.
Енді «Ақымақтық Абайды да
сабатқан, оның жанында мен кіммін» дегені де, барлығымызда қателесеміз, «еш
нарсе істемейтін адам ғана, қателеспейді» демекші қатеден қорықпау керек, бұның
соңы өкінбеуге алып келеді.
Уақыт бөліп, пікірімді
оқығаныңызға рахмет! Егерде осы кітапты оқығандарыңыз болса, менің пікірімнің
қайшы жерлерін көрсетуге не ойларыңызбен бөлісуге шақырамын.
Болашақта әлі де қызықты
жайттармен қуантамын деген ойдамын :)
Комментариев нет:
Отправить комментарий